Ақмола облысы білім басқармасының Жақсы ауданы бойынша білім бөлімінің жанындағы Жақсы ауылының "Дән" бөбекжайы" мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорын.
Государственное коммунальное казенное предприятие "Ясли сад "Дан" села Жаксы при отделе образования по Жаксынскому району управления образования Акмолинской области.

СоцСети

Ұйымдар тізімі

Галерея

Смотреть все>>>

«22 Наурыз» (22 Наурыз мерекесіне арналған ертеңгілік)

27.03.2018

«22 Наурыз» (22 Наурыз мерекесіне арналған ертеңгілік)

Жүргізуші: Сәлеметсіңдер ме, балалар және «Дән» балабақшасының қызметкерлері! Ұлыстың ұлы күні келді. Той құтты болсын! Ақ мол болсын!

Ұлыстың ұлы кәрі-жас,

Құшақтасып көріскен,

Жаңа ағытқан қозыдай,

Жамырасып өріскен

Ұлыс күні қар еріп,

Сай-салалар гүрілдеп,

Көк шөбі шығып желкілдеп

Дүние біткен күлімдеп,

Ұлыстың күні кәрі-жас,

Құшақтасып көріскен.

Құттықтау сөз кезегін «Дән» балабақшасының меңгерушісі Исмайлова Адема Хамитбековнаға беріледі.

Той пердесін ашайық,

Тойға шашу шашайық.

ШАШУ

Жүргізуші: Қанша бала, қанша қыз,

                      Бір шоқ гүлміз баршамыз, - деп, ортаға «Балдырған» ІІ-сәбилер тобын шақырамыз. Олар бізге шілдехана салт-дәстүрін көрсетеді.

«Шілдехана» салт-дәстүрі.

Жарыс қазанның арты іле-шала, не ертеңінде шілдеханаға ұласады. Шілдеханаға алыс-жақындағылар шақырусыз келеді. Көлігі барлар көлігімен келеді, көлігі жоқтар қыбын тауып, қалмай келеді. Біреуге мінгесіп болса да жетулері керек. Құдайдың бір пендесі келді деп қисса-жырдан, термеден, әсем әннен тұс-тұстан төгілте келеді.

Тілектестік, ниеттестіктің тағы бір көрінісі осы. Босанған келінге аста-төк қошемет, құттықтау айтылады. Ал, сосын жегжат-жамағат баланың ұл не қызына қарай күмістен ер-тоқым немесе жүзік, сырғадан атайды. Қуаныш үстінде шын көңілден біреулер тіпті ат та байлап кетеді. Қазір коляска, тіпті баланың ит көйлегі де жарай береді. Бұл тек көңіл үшін. Орамал тон болмайды жол болады деген осы. Бұл адамның көңілін бірлеу, жақындастыру үшін ғана. Келгендер әнмен келіп, ғибратлы сұқбатпен тарқайды. Толғатқаннан бастап, шілдеханаға дейін бүкіл аймақ аяғынан тік тұрып, сай-сайдан жөңкіліп жиылғанын көрген келін «Бала тапқанды ұрт жаппай жөңкілетін, келгендер керемет көрімдік атайтын мұндай

маңызды оқиға екенін қайдан білейін, бәлем тұра-тұр, бұларды мен шілдеханадан көз ашпайтын қылайын» деп, бала санын 10-15-ке дейін апарады. Құрсағы құр жатпайтын келінді аймағы төбесіне көтеріп құрметтейді. Енесі мейірленіп, құшырланып құшақтап, маңдайынан иіскеп, жақсы көріп жүреді.  Қазақтың дәстүрі - дін, салты - ғибрат, тыйымы - шариғат, әдеті - бауырмалдық. Бұрын көшпелі кезде әр төбенің бауырында бір ауыл, әр ауылда 20-30-дан келін бар, келіннің бәрі аймағы төбесіне көтеру үшін бала туып жарысып жатса, ойлаңыз

аптасына, айына қанша шілдехана боларын. Бұ қазақ бұдан басқа тойы бар, тоқымқағары бар, асы бар, құран-қатымы бар, бесік тойы бар, төсек тойы бар, тұсаукесер, ашамай т.б. бір-біріне  ат байлап, амандасып-құшақтасудан, сұқбаттасудан, яғни бауырмалдықтан, ниет бірлеп, серттесуден қолы босамаған.

Сосын «Арасаласпай тек жатсаң, алыстайсың жегжаттан» деп мақал шығарып берген. Хазретті Пайғамбардың «Менің үмметім бір-бірімен жиі жолығысып, сұқбаттасып отырсын. Сонда бір-біріне бауырмалдығы беки түседі» деген өсиетін қазақтар іждаһатпен, ықыласпен өстіп іске асырған. «Сұқбаттан күман сейілер» -деп аталарымыз мұндай жиындардың иман бекітетін қасиетін тағы бір қайыра түсіндіреді. Шілдехана үстінде болатын бір қызық мынау: жастар осындай думанмен отырғанда дастарқан даярлап, қымыз құйып, зыр жүгірген күтуші әйелдердің

кейбірі «қалжаның омыртқасынан ауыз тимедік. Бір омыртқа мұжуға тиіс едік», деп, аяқ асты өкпелейді...Омыртқаны таза мүжіп, бәрі жабылып биікке ілу – «баланың мойыны тез бекіп, таза ниетпен өссін. Бәріміз де бала табамыз, сонда даосылай болсын» деген ниеттестік. Өкпелеу - осы ізгі ниетімді түсінбеді дегенненшығады. Сол үшін қалжаның он екі омыртқасын басқарушы бәйбіше жас абысындарға тең бөлуі керек. Омыртқаны тек өздері ғана таласып мүжу қазақ әйелдері үшін өз алдына бір қуаныш. Тезірек тағы бала тапсақ деген ырым. Және омыртқаны босанған әйел де береді «Аман-есен босандым. Сендерге де осындай қуаныш тезінен болсын» дегені бір жағы ырым, бір жағы тәбәрік. «Тәбәрік» береке деген сөз. Бала берекенің ұлығы. Омыртқа жегеннен әйел көтере қалмайды. Мұны тіке түсінбеңіз. Бірақ, абысындар арасындағы ниеттестік, бауырластық үшін, күтуші әйелдер мен босанған әйелдің бір-біріне ризашылығын бекіте түсу үшін аталарымыз осындай дәстүр шығарып қойған. Жөңкілген көп қатынның омыртқаға таласуы әрі көңіл бірлейді, әрі бала табудың қуанышын, маңыздылығын естен кетпестей етеді. Бұл қызықты көріп өскен жас қыздар да күйеуге тиіп, бала табуға асығады. Абысын-ажын омыртқаға таласып жатқанда үлкендер бөлек үйде ұрпақтың келешек қамы деп мінісіне тай, қымызына бие байлап, шұрқырасып, табысып жатады. Бәрінің де келіні дәл осы құсап маңдайы тостағандай ұл, яки еліктің асығындай қыз табады. Бәрі үмітті. Қазір шілдеханаға барарда орамал яки қораптағы тәтті-пәтті де, қолтыққа көйлек-көншік қыстыра бару да жарай береді.

           

Шілдехана күнін қазір хабарлап қояды. Қонақ күтетін үй дайындалуы керек. Отағасына салмақ салып, орынсыз шығынға батырмас үшін жамағат дастарқанға қоятын дәмді тағамдарды бөлісіп, үйден пісіріп апарғаны да жөн. Ал жамағат боп жабылғанда дастарқан да дәмді болып, шілдеханада жылы көңіл аса түседі. Шілдеханада тақуалығы тұрақты, өзі салмақты, жасы үлкен ер кісі балаға бата береді. Әйел бата бермейді.

Көтерейікбілекті,

Нұрға бөлеп жүректі.

Бөбекке бата берейік,

Ағынан айтып тілекті.

Сәбиіміз сүйкімді болсын,

Өнер, білімге икемді болсын.

Бәйтеректей бойшаңданып,

Дәйім діншіл, өркенді болсын!

Жақсы жолды таңдасын,    

Жамандық тәлім алмасын.

Даналардың дәстүрін,

Жаңаласын жалғасын.

Шұғылалы күн кешсін,

Басын сұр бұлт шалмасын.

Қос топшысы талмасын,

Қырандай биік самғасын.

Ары адал,  жаны жаз.

Құрбысынан қалмасын.

Әл Фараби, Қашғари,

Баласұғни, Дулати,

Қадырғали Жалайри,

Арыстан баб, Яссауи,

Абай, Шәкәрім, Мәшһүрдей

Хатқа бассын таңбасын.

Әумин, Аллаһу әкбар!

Жүргізуші:

Наурыз күні құр тұрмайық,

Шаттанайық, қуанайық,

Ұлттық ойын ойналық.

«Орамал» ойыны.

Жүргізуші: Қанша бала, қанша қыз,

                      Бір шоқ гүлміз баршамыз, - деп, ортаға «Қарлығаш» ортаңғы тобын шақырамыз. Олар бізге қырқынан шығару салт-дәстүрін көрсетеді.

«Қырқынан шығару» салт-дәстүрі.

Шілдехана кешінен кейінгі қуаныш кеші – баланы қырқынан шығару. 20-30 күн өтіп, буындары аздап та болса қатайғанша, нәрестені өз анасы мен әжесінен басқа адам ұстамаған, шомылдырмаған. Және сәбиді қырқынан шығармайынша, қолына алып жұбатқанымен, үлкен қарт кісілер оның бетінен сүймеген. Мұсылмандардың түсінігі бойынша қырқынан шығарғаннан кейін ғана баланың тәні тазарады-мыс. Баланы толық қырық күннен кейін ғана шығару міндетті түрде емес. Ұлды отыз күнге жеткізбей шығару керек екен. Өйткені, халықтың қамын ойлайтын ер-азамат ерте өсіп, жігіт болуы керек. Қырқынан ұзақ уақыт шықпаса ынжық, отбасынан ары бармайтын ұсақ адам болып қалуы мүмкін деген ырым бар. Қызды 30 күннен асырып, кейде 40 күнді толтырып шығарған. Ерте шығарса жеңілтек, қыдырымпаз болады, ал әйел бала байсалды болуы керек. отбасының берекесі, ақылшысы деп қыздың ойлы, салмақты,

ақылды болуын армандағандықтан осындай ырымдарды жасаған. Баланың мінезіне, ақылына әсер етуді қазақ халқы бала туа сала-ақ ойлаған. Қырық күн сәби үшін де, анасы үшін қатерлі, әрі қауіпті кезең. Қырық саны қазақта киелі ұғым. Қырқынан шықпаған бала жердің баласы емес деп есептеген және ешқайда шығармаған. Қырқынан шықпаған бала біртүрлі әлсізденіп, көзі тұманданып, қайда қарап тұрғаны белгісіз көзін аударып-төңкеріп тұрады. Ал, қырқынан шыққан бала керісінше көзі жайнап, жанарында от пайда бола болады. Осы қырық күн ішінде есті енелер келіндерін де жас баланы күткендей күтеді. Себебі, күтілмеген анасының кейін аурушаң болып жататынын осыған байланысты. Қырқынан шығару деген не? Баланы қырқынан шығарғанша оны күнде майлайтын болғандықтан, бір ақ жейдені майлаудан кейін кигізуге арнап, басқа киімдерінің астынан кигізген (Бір ай кигізеді дегенге оны жумайды екен деп ойлап қалмаңыздар). Сол майлы жейдені «итжейде» дейді. Жалпы, итжейде деп балаға ең бірінші рет кигізген жейдені айтады. Баланың ең алғашқы киімі – «итжейдені» кіндік шешесі тіккен. Итжейдені кең, мол, ұзын етіп тіккен. Оны бұлай тігудің өзіндік ырымы бар. Мына жалған қысқа ғұмырда таршылық көрмесін, басына тартса, аяғына жетпейтін жоқшылық көрмесін деген ырыммен және баланың денесі нәзік болғасын денесіне батпасын деп, «итжейдені» тігісін сыртына қаратып тіккен. «Қырқынан шығаруға үш әйел таңдалынған. Бір қадірлісіне баланың тырнағын, екіншісіне шашын алғызып, ең сыйлысына баланы шомылдыртқан. Шомылдырып болған соң сәбиге жаңа киімдер кигізеді де, итжейдені бала көтермей жүрген әйелдер ырым ғып алады. Баяғыда, егер ондай адамдар болмаса «итжейдеге» құрт, ірімшік толтырып итке байлап жіберген. Ауыл балалары итті ұстап алып жейдені жыртып, тәбәрік ретінде алған. Бұл – келешекте өздері де ержетіп, үйленіп, балалы болсын деген тілектен туса керек. Шомылдыру. Суды қайнатып, суытып, оған қойдың 40 құмалағын (тазартып, жуып), (қазіргі кезде бұршақ секілді дәндерді салады) оған қоса күміс тиындар, ұл балаға әлденеше асық қосады. Шомылдырып болған соң отырған адамдар асықты, тиынды ырым ғып бөліп алады да, қасық пен тостағанды шомылдырған кісі алады да, тырнағын, шашын алғандарға әр ата-ана өздері қалаған сыйлық жасайды. Шомылдырудың рәсімі. 40 құмалақты қасықтағы сумен қырық рет баланың басына құйып отырады. Әр қасық суды құйған сайын балаға арналған тілек айтылады. Біз төменде біраз тілектің тізімін беріп отырмыз, бірақ, бұлар ен сап қойған сөздер емес, әркім

баласын қандай адам қалпында көргісі келсе, сол өз арманын, тілегін айтады. Ана үш, төрт, бес тілектер баланың өз тегіне, ата-баба, нағашыларының аруағына арналады.

1. Өмірге келген періште (есімі) мына кең дүниеге құт әкел!

2. Өмірің ұзақ болып, үбірлі-шүбірлі бол!

3. Ысты-Дулат аруағы қолдасын!

4. Бәйдібек ата мен Домалақ ана аруақтары жебеп жүрсін!

5. Бөлтірік, Оразымбет аталарыңдай тапқыр шешен бол!

6. Дінмұхаммед атаңдай әділетті, ел қамын ойлаған қазақтың адал ұлы бол!

7. Оттан да, оқтан да сескенбейтін Бауыржан атаңдай батыр бол!

8. Анаңның ғана емес, Адамның ұлы бол!

9. Денсаулығың зор, ер болып өс!

10. Балалық шағың бақытты болсын!

11. Жастық шағың жалынды болсын!

12. Қажырлы, еңбек сүйгіш бол!

13. Еңбегін ылғи жемісті болсын!

14. Іс-әрекетің жеңісті болсын!

15. Ұлтың мен тіліңді сүйіп өс!

16. Жұртыңа сүйкімді, туысыңа жағымды бол!

17. Мейірімді, рақымды бол!

18. Мәдениетті, кішіпейіл бол!

19. Абыройлы, атақты бол!

20. Білімді, оқымысты бол!

21. Парасатты, көсем бол!

22. Ақылды, білікті бол!

23. Ырысты, нәсіпті бол!

24. Досың көп, дұшпаның аз болсын!

25. Құдай көсегеңді көгертіп, арманыңа жеткізсін!

26. Ата-анаңа мейірімді, жақындарыңа қайырымды бол!

27. Дініңе берік бол!

28. Ата салтыңды сақтай біл!

29. Ынтымақ, бірліктің жақтаушысы бол!

30. Жақсы істің бастаушысы бол!

31. Елдің еңбегін елеп, өзгені өзіндей көретін бол!

32. Кеңпейіл, қонақжайлы бол!

33. Сабырлы, кешірімді бол!

34. Менмен, мақтаншақ болма!

35. Текке мал шашпақ болма!

36. Күншіл, қызғаншақ болма!

37. Пайымсыз, қанағатсыз болма!

38. Өнерлі бол: аузыңнан ән, бойыңнан сән кетпесін!

39. Жүрегің кең жігіттің сұлтаны бол!

40. Нәзік сезімді қыздың іңкәрі бол!

Бұл сөздерді біреуі айтып, екіншісі суды құйып тұрса да болады. Қазіргі жастар балаларын дәл осылай шомылдырмаса да, өнеге мен тәрбиелілікті өн бойына өзек еткен ата салтымызды ұмытпауға шақырып, ата дәстүрінің ықпалын сақтап, адамгершілікпен өмір сүріп, қазақ халқына деген қасиетті сезімін өмірлеріне нәр етуін түсінсе екен деген мақсатпен осыларды айтып та, жазып та құлақтарына құя бергім келеді. Бәлкім, бірінші баласында болмаса да, екінші, үшінші балаларында, келіндерге түйсік кіріп, асыл қазына – ата салт-дәстүрлерімізге зейін қояр, қолданар. Өзі қазақ болып, қазақтың ата салтын білмеген, қолданбаған қазақтар өзін ел ортасында жалаңаш тұрғандай сезінуі керек қой деп ойлаймын. Қазіргі жастар, әрине, өз еркімен суға құмалақ салдыра қоймас. Бірақ, құмалақ зиянды болса бұрынғылар салмас еді ғой. Құмалақты салудың тағы бір себебі, өмірі малға байланысты халқымыздың бала бай болсын деген мақсаты. Кейбір жастар қырқынан шығаруға шақырғанымен, құр ырымын жасайды да, шомылдыртпақ түгіл, кейбірі балаларын көрсетпейді де, кейбірі орап әкеліп бір тырнағы мен шашының ұшын кестіртеді де, «күріктеген тауықша» алып кетеді. Бұл дұрыс емес, үлкен кісінің мейрімімен қырқынан шыққан бала болашақта да байсалды да байыпты болуына әсері тиері сөзсіз. Үлкен адамның алақанындағы биотогының әсері балаға жан тыныштығын әкеледі деген ұғым бар. Тағы бір айта кететін нәрсе, халық аузындағы әңгімелерге сенсек, қырқын шашты түгелдей алып

тастаған дұрыс дейді, өйткені қырқын шашын алмаған адамның қарғысы қатты боладыдейді. Біздің халық қарғысты ұнатпайды, себебі қарғысты ызамен ашу үстінде ойланбай да айта салуға болады, бірақ қарғыс екі ұшты (екі жағында да ұшы бар) дейді, орынды болса қарғалмаған адамға тиеді, орынды болмаса қарғаған адамның өзіне тиеді дейді. Сондықтан қазақ екі жақтың да амандығын тілеп, шашты түгелдей сыпырып тастаған. «Қырқынан шығару» тойын сөз ете отырып, біз онша мәнін біле бермейтін «қырық» деген сөзде де «жете» сияқты бір қасиет барын

аңғаруға болады. Мысалы, сәбиді қырқынан шығарып, оны тазалау. О дүниелік болып кеткен адамдардың қырқын беріп, енді оның келмесіне көз жеткізіп, қоштасу.


Жүргізуші:

Бүгінгі наурыз тойда,

Тамашалайық өнерді.

Ұлдарымыз бен қыздарымыз,

Ортаға шығып би билейді, - деп «Қарлығаш» ортаңғы тобының бүлдіршіндері бізге би билеп береді. Қошеметтеп ортаға шақырамыз.

«Испан» биі.

Жүргізуші:

Наурыз күні құр тұрмайық,

Шаттанайық, қуанайық,

Ұлттық ойын ойналық.

«Арқан тартыс» ойыны.

Жүргізуші: Қанша бала, қанша қыз,

                      Бір шоқ гүлміз баршамыз, - деп, ортаға «Ақбота» І-сәбилер тобын шақырамыз. Олар бізге сырға салу салт-дәстүрін көрсетеді.

«Сырға салу» салт-дәстүрі.

Құдалар өзара ымыраға келіп, төс қағыстырған соң, сырға салу басталады. Бұл салт дәстүрді тек әйелдер қауымы ғана тамашалайды.

Қыздың екі жеңгесі қыздың қолынан демеп, құдағилардың алдына апарады. Екі жеңгесі қыздың құлағындағы қыз күніндегі сырғасын шешіп дайындайды. Жігіттің екі жеңгесі қыздың екі құлағына бір-бір сырғадан тағып қыздың бетінен сүйеді. Қыздың екі жеңгесі де қызды құттықтап сүйеді, барлық жиылған жұрт қызға бата тілектерін айтады. Қыздың екі жеңгесіне жігіттің екі жеңгесі «қыздың көрімдігі» деген сый береді.

Жүргізуші:

Бүгінгі наурыз тойда,

Тамашалайық өнерді.

Ұлдарымыз бен қыздарымыз,

Ортаға шығып би билейді, - деп «Ақбота» І-сәбилер тобының бүлдіршіндері бізге ән айтып береді. Қошеметтеп ортаға шақырамыз.

«Кел, билейік!» әні.

Жүргізуші:

Наурыз күні құр тұрмайық,

Шаттанайық, қуанайық,

Ұлттық ойын ойналық.

«Қыз қуу» ойыны.

Жүргізуші:

Жауып, жауып,

Жер бетіне көк толсын,

Даламызға, елімізге,

Бұл жаңа жыл құт болсын, - деп осымен ертеңгілігімізді аяқтаймыз. Ұлыстың ұлы күні құтты болсын, халайық!

Просмотров: 810


Добавить комментарий



Включить данные в подпись

Текст